Оқушылар арасында түсіндірме жұмыстары жүргізілді
Мектебімізде оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заңға құрметпен қарауға тәрбиелеу мақсатында «дропперство» тақырыбында түсіндірме жұмыстары өткізілді.
Іс-шара барысында педагогтер мен сынып жетекшілері «дропперство» ұғымының мәнін түсіндіріп, оның қоғамға қауіптілігі мен салдары жайында жан-жақты мағлұмат берді. Оқушыларға банк картасын бөтен адамдарға беру, біреудің шотына ақша аударып беру немесе заңсыз әрекеттерге қатысу — қылмыстық құқық бұзушылық екендігі нақты мысалдармен жеткізілді.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне енгізілген жаңа өзгерістер туралы айтылып, дропперлік әрекетке барған жағдайда ең жоғары жаза 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру, сондай-ақ мүлікті тәркілеу екендігі ескертілді. Мұндай заң бұзушылыққа қатысудың болашағына, білім алуына және өміріне тигізетін кері әсері ерекше атап өтілді.
Оқушыларға кез келген күдікті ұсыныстардан аулақ болу, өз құқығы мен міндетін білу, заңды сақтау қажеттілігі түсіндірілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін қалыптастыру, заңға қайшы әрекеттерден қорғау және өз болашағына жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеу.
Мектебімізде мұндай түсіндірме жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.

